Ыбырай Алтынсаринның 180 жылдығына орай
Ақтам орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен КММ
Тәрбие сағатының тақырыбы:
Адамзаттың ұлы ұстазы
Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай
15.11.21
11 б сынып жетекшісі К.А.Имангазиева
Мақсаты: Алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірімен, шығармаларымен оқушыларды таныстыру.
Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері арқылы оқушыларды имандылыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Ұлы тарихи тұлғаны есте сақтауға, құрмет тұтуға, үлгі алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ы. Алтынсарин портреті, өнегелі сөздері,бейнебаяндар
Тәрбие шарасының нәтижесі:
- Қазақ халқының өткенін танымай, , ХХІ ғасырға көз тігу мүмкін емес екендігін, Ы.Алтынсариннің өмірімен, қызметімен танысу арқылы, оның ұлтын, елінің тарихын, салт - санасын сүйген азамат екендігін танып біледі.
Мұғалім сөзі:
Біз мектеп тарихының жаңа кезеңіне қадам бастық. Дәлірек айтсақ, мектепте білім берудің филисофиясы, мақсаты, мазмұны, технологиясы жаңа бағыттарға бағдар алуда.
Жаңашылдық деген өзіне дейінгінің бәрін жоққа шығару емес, керісінше ол бар тәжірибенің озық үлгілерін, ақыл-ойын, идеяларын жаңа мақсатар тұрғысынан жаңартуды да қарастырады.
Міне, осы орайда, 180 жылдығын атап өтіп отырған ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің ізгілікті педагогикалық мұраларынан ақыл-ой, идеяларынан алатын нәріміз аз болмақ емес. Ы. Алтынсариннің «шапқан – озар, жатқан – қалар» дегеніндей, сол ұлы ағартушының мұраларын зерделеп, жасап, өзектіліктерін пайдаға асыруға қамдану жөн болмақ.
.1-бөлім. Ыбырай- алғашқы халық мұғалім
Алтынсарин- қазақтың жарық шамы,
Ойлағаны аяулы халық қамы.
Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,
Алтынсарин- елімнің алтын бағы.
Алтынсарин- мазмұнды өмір әні,
Үлгі болып, алдыңнан жолығады.
Шырт ұйқыдан оятқан бабамызды,
Алтынсарин- даланың қоңырауы.
Алтынсарин- ел үшін соққан жүрек,
Сезіп оның дүрсілін шаттанды көп.
Қалың қардың жібіткен мұз денесін,
Алтынсарин- аңқылдақ алтын күрек.
Денесі оның Тобылдың жағасында,
Мүсіні тұр Қостанай қаласында.
Ыбырай бұлағының мөлдір суы,
Шүпілдейді білімнің шарасында.
Сол сумен егін егіп, мал суардық,
Жыр жазып, дала жайлы ән шығардық.
Сол сумен қаталаған шөлді басып,
Шығып тұр қазағымның дауысы анық.
Сол судан мейірі қонып барлық халық,
Өмірден өз орынын тапқаны анық.
Алтынсарин- ұлы ұстаз ұлағатты,
Алтынсарин- ұлтыма ұлы жарық.
Құрметті, ұстаздар қауымы! Келесі ән алғашқы халық мұғалімі Ыбырай Алтынсаринге және сіздерге арналады. Орындайтын мектебіміздің ең жас әншісі Насиева Назым.
2-бөлім.Ыбырай- ғалым, этнограф
Ы. Алтысарин- алғашқы халық мұғалімі, қазақ даласында алғаш рет халықтық мектеп ұйымдастырушы педагогы. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин этнография саласындағы еңбектері халқымыздың салт- дәстүр, әдет- ғұрыптарын қарастырады. Және ол қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, қазақтың жұмбақтары, дастандары, мақал- мәтелдері жөнінде ғылыми мақалалар жазды. Лингвистика, тілтану саласында қазақ тілінің тазалығына зор мән берді. Ең бастысы, қазақтың әдеби тілі, оның қалыптасуы мен дамуы, ана тілінің тазалығы Ы. Алтынсариннің негізгі бағыты мен қызметі болды
Қазақ халқының сауатсыздығы, қазақ тілінде басылған бір де кітаптың жоқтығы, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда, амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүруі Ыбырай атамыздың жанын ауыртты. Сондықтан, қазақ балаларына тұңғыш қазақ хрестоматиясын құрастырды. Мұндағы мақсаты қазақ балаларына қазақ тілінде білім беру, яғни, ана тілінде еркін оқып, сөйлей білуге үйрету еді.Міне, сан ғасыр бұрын аталарымыз армандаған күнге қол жеткіздік. Қазақ тілі- мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді. Көріністе өздеріңіз тамашалағандарыңыздай ана тіліміз қазір кемелдену үстінде.
3-бөлім.Ыбырай- ақын.:Ы. Алтынсарин көптеген өлеңдерді жазған ақын. Өз шығармаларында отанын, халқын сүюге, оқып білім алуға шақырды, оқу- білімнің, қараңғылықтың мән- жайын ашып берді. Сондай өлеңдерінің бірі- «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі. Қабыл алыңыздар ортада Әбдіғани Бекжан.
4-бөлім.Ыбырай- жазушы:Ы. Алтынсарин жазба әдебиетке тән проза жанрының негізін қалады. Ол- тұңғыш рет балаларға әңгіме арнап жазған жазушы. Ыбырай әңгімелерінің басты ерекшелігі- жақсы мен жаманды салыстыра отырып әңгімелеу арқылы балалардың санасына ой салу, тәрбиелеу. Еңбекті сүю және қадірлеу- Ыбырай әңгімелернің негізгі тақырыбы.Келесі кезекте, Ы. Алтынсариннің әңгімелерінен көріністерге назар аударыңыздар.
- «Әділдік» әңгімесінен көрініс
- «Бақша ағаштары» әңгімесінен көрініс
- «Малды пайдаға жарату» әңгімесінен көрініс
5-бөлім.Санадағы сан сауал
Қолымыздағы Ы.Алтынсариннің кітаптарында «Ананың сүюі» атты өлеңі берілген.Ал енді 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті » оқулығында бұл өлең «Шешенің балаларын сүюі»деген тақырыппен М.Дулатұлының өлеңі деп берілген.Біздер сынып болып осы өлең төңірегінде мәліметтер жинаған болатынбыз.Ендеше, «Зерттеуші» және «Зерделеуші» топтардың пікірлеріне құлақ асайық. Пікіралысуды бастамас бұрын сарапшылар сайлап алсақ.
Жүргізуші:Енді сарапшылардың пікірін тыңдасақ.(Сарапшылар пікірі тыңдалады)
«Зерттеушілер» тобы
Ыбырай 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді.
Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді.
Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады.
Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді.
Ыбырай мәдениет пен білім жолына халқының өте ынталы екенін жақсы ұғады. Бұл оны жігерлендіре түседі. Ыбырай ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті де көре білді. Әкімдердің зорлықшыл сорақы қылықтарын сынға алды. Олардан қарапайым халықты корғады.
Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарастары осылайша қалыптасып, дамыды. Қоғамдық әділетсіздік пен адам бойындағы ұнамсыз мінездерге қарсы күресу үшін, ол ел ішінде білім, өнер тарату ісін кеңейте беру керек деп ұғады. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды.
1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушыларының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды.
Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі.
Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздеді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды… қазақтың өз тілінде… басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды.
«Қазақ хрестоматиясы» балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.
«Қазақ хрестоматиясы» арқылы жеткен Ыбырайдың бүкіл әдеби мұрасы оның көркем шығарма жазуды ағартушылық идеясына бағындырғанын айқын көрсетеді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, үлгілі істерге үйрететін күшті құрал деп ұқты.
Хрестоматияға енгізілген өлең, әңгімелердің балалардың жасына, сана-сезіміне лайықталынып, педагогика ғылымының міндетті түрде тәрбиешілерден талап ететін әдіс мәселесінің берік сақталынуы өз алдына, сонымен қатар жоғарғы аталып өткен оқу, еңбек, талап, мейірімділік, тағы басқа тақырыптарға арнаулы, қолға таяқ ұстатқандай әңгімелерді әдейі, саналы түрде таңдап алғандығын да көрмей кетуге болмайды.Оның «Хрестоматиясының» бірінші беттерінен-ақ балаларды оқуға, өнерге, ұқыптылыққа, тазалыққа, мейірімділікке шақырған әңгімелер мен өлеңдер жиі кездеседі. Мәселен, ол «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңінде жастарды білім алуға, өнер үйренуге шақыра келіп, білімді адамның сана-сезімі жоғары, ілтипатты, өнегелі болатынын, адам білім арқылы ғана мақсатыка жететіндігін, әзінің келешектегі жақсы тұр-мысын қамтамасыз ете алатындығын, сөйтіп оқыған адамның өмір сүруі де, еңбек етуі де анағұрлым жеңіл және көңілді, сергек болатынын сөз етеді..
Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы «Қазақ хрестоматиясы» (1879) ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңмен ашылды. Ақын бұл өлеңдерді өз кезінде «Сөз басы» деген атпен алған. Қазір бұл өлеңдер «Кел, балалар,оқылық», «Өнер-білім бар жұртта» деген атаулармен мәлім. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларын да оқу- білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті.Оқу білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін,әсерін терең сезінді, сенді. Қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрлерін игеруге, бойға сіңіруге шақырды.«Кел, балалар,оқылық»өлеңінде ақын қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлерін шебер пайдаланып,білім мен надандықты, жақсылық пен жамандықты қатар алып, салыстырып отырды. Мен «Ыбырай Алтынсарин – қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы» тақырыбында зерттеу еңбегімді қорытындылай келе, Ыбырай атамыздың қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы ретінде рухани – адамгершілік құндылықтарын ашу. Ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай – жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса, қазір де сол асыл да абзал ерекшеліктерін өз бойында сақтауда.
Қазақ халқының тарихында Ыбырай Алтынсарин ерекше роль атқарады. Ол қазақтың тұңғыш педагогы, қазақ даласында бірінші рет мектеп ұйымдастырып, қазақ жастарына білімнің есігін ашты.Ыбырай Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді.Жас ұландарға айтарым халқымыздың жақсы қасиеттерін, өнегелерін өзімізге үлгі тұтайық себебі ананың ақ сүтін, еңбегін өтеу, ата дәстүрлерімізді құрметтеу –ұрпақтың парызы<<Ананың сүюі>> өлеңі туған үйінен жырақта жүрген жас Ыбырайдың жүрегінен шыққан өлең
«Зерделеушілер» тобы
Бұлар қазақтың үш мұнарасындай болған:Шоқан,Ыбырай,Абай аталарың.Олар ғасырлар бойы надандықтың қара түнегінде тұншығып келген қазақ елін оятып,ғылым-білімге ұмтылдырды.Бұл үшеуінің өмір,еңбек майдандары үш алуан болуымен қатар,үшеуін бір туғандай ететін ұқсастық та бар.Ол ұқсастық-қазақ халқының тіл,өнер,тарихи мәдениет ерекшеліктеріне үлгі шашқан нұр қазынасы.Олар әрқайсысы өз талантына сәйкес мәдениеттің әр саласында жойқын істер істеді.Шоқан қазақ ғылымының алғашқы беттерін жасаса,Абай қазақ поэзиясын түр мен мазмұн жағынан жетілдірді.Ал Ыбырай аталарың өзінің ақындық талантын,жазушылық шеберлігін дала өміріне білім мен өмірдің ұрығын шашуға арнады.
:Бұл ретте айта кету керек,жаңағы Мұқан мұғалім де,одан кейінгі Ахмет(Байтұрсынов),Асқар,Міржақыптар да халықтың шын жанашыры болып туып,оның нұрлы болашағын ойлап,жанкештілікпен атқарған алып қызметінің арқасында мәңгілік маңызы бар іс тындырған,Торғай топырағына сарқылмас білім нәрін сеуіп кеткен Ыбырай атамыздың,ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері еді.
Екі жасында шешеден,он екі жасында әкеден жетім қалған жас өскін Міржақып Асқар ағасының қамқорлығында,тәрбиесінде болады.Ол 1902 жылы жоғарыда аталған Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебін ойдағыдай бітіріп шығады.Содан алты-жеті жылдай ауыл мектептерінде бала оқытады,ағартушылық ісімен айналысады.
1965 жылы"Қазақстан"баспасынан шыққан Ә.Дәрбісәлиннің "Ыбырай Алтынсарин" атты кітабында былай жазылған:"Ыбырай шығармаларының ішінде 50 жылдарға дейін авторы белгісіз бірсыпыра шығармалар енгізіліп келді.Олар:"Бұл кім?","Ананың сүюі","Жаз шыққанда"деген өлеңдер"және осы кітапта Ыбырайдың көркем шығармаларының көп уақытқа дейін жете сұрыпталып,анықталмай келгендігі туралы жазылған.Осы мәліметке сүйене отырып,бұл өлеңді М.Дулатовтың жазуы да мүмкін деп ойлаймыз.